- Новости
- JAS NOMAD бағдарламасының таныстырылымы өтті
JAS NOMAD бағдарламасының таныстырылымы өтті
18 қазанда «JAS NOMAD» республикалық хоккейшілерді даярлау бағдарламасының таныстырылымы болып өтті. Бағдарлама Қазақстанның хоккей федерациясының мамандары тарапынан Екатеринбург қ. Урал мемлекеттік дене шынықтыру университімен (УралМДШУ) және Дене шынықтыру және спорт жөніндегі республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығымен (ҚР РОӘТО) бірлесіп, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің (ҚР МСМ), «Самұрық-Қазына» қоры мен «Sport Qory» туризм және спорт индустриясын қолдау қорының қолдауымен әзірленді.
«Қызықты бағдарлама, біз сапалы өнім жасап шығуға тырыстық, бұл бағдарлама барлығына қолжетімді болады. Жыл сайын Қазақстанның барлық хоккей мектептерінен кері байланыс алып отыруды жоспарлап отырмыз. Бапкерлердің пікірлеріне құлақ асып, түзетулер енгізіп отырамыз. Бұл бағдарлама конькилі спорт түрінің басқа да федерациялары үшін пайдалы болады, себебі алғашқы бірнеше блок психологияға, физиологияға және жас спортшы дамуының басқа да маңызды аспектілеріне арналатын болады», - деп сөзін түйіндеді ҚХФ бас директоры Глеб Каратаев.
Таныстырылым аясында жұмыс тобының мүшелері – ҚХФ басшылары мен ЖОО өкілдері сөз сөйледі. Таныстырылым жазбасы Kazakhstan Hockey youtube-арнасында қолжетімді. Бағдарламаның алғашқы блоктары бағдарламаның http://jasnomad.kz/ ресми сайтына жарияланып үлгерді.
Ресми бөлім аяқталғаннан кейін Қазақстан құрамасының экс-ойыншылары, қазір бапкерлікпен айналысып жүрген Талғат Жайлауов пен Константин Пушкаревтің қатысуымен 6-7 жастағы хоккейшілерге арналған шеберлік сыныбы өтті.
«Бұл болашақ үшін жақсы идея, бүкіл Қазақстан бір бағдарлама аясына бірігеді. Қазақстандық хоккей дамуы үшін барлығы бір тудың астына жиылады. Біз секілді бапкерлер үшін бұл оқу-білімімізді жетілдіріп, жас хоккейшілерді дамытуға деген стимул. Шеберлік сыныбында біз алдағы уақытта бүкіл Қазақстан жаттығатын бағдарлама жаттығуларын көрсеттік» - деді Талғат Жайлауов.
JAS NOMAD – ұйымдастырушылық, жаттығу, бәсекелестік қызметтің барлық аспектілерін, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің физикалық, психикалық, эмоционалдық және танымдық қасиеттерін кезең-кезеңімен дамыту қағидаттарын қамтитын хоккейшілерді даярлау жүйесін дамыту және жетілдіру бағдарламасы. Бағдарламада қазіргі заманғы жетекші хоккей державалары мен ИИХФ-ның кәсіби ойыншыларын даярлаудағы тәжірибе мен тәсілдер жинақталып, заманауи жағдайларға және жергілікті менталитетке бейімделген.
ҚХФ бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ
ҚХФ серіктесі – Sport Qory спортты қолдау қоры